Әлеуметтік желіде кәсіпорынның лауазымды қызметкерлерінің сыйлықақы мөлшері көрсетілген фотосурет тарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осыған қатысты мекеменің ресми түсініктеме жасады. "2022 жылғы 17 қарашадағы әлеуметтік желілерде «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Басқармасының жекелеген қызметкерлеріне сыйақы беру туралы резонанстық жарияланым бойынша мынаны хабарлаймыз. 2022 жылдың ақпан айында Еңбек арбитражының шешімі негізінде өндірістік персоналдың жалақысын 30%-ға арттыру туралы шешім қабылданды, нәтижесінде серіктестіктің еңбекақы тарифтік торының біркелкілігі бұзылып, өндірістік бөлімше экономистерінің жалақысы Әкімшілік басқармасындағы экономистердің жалақысына қарағанда жоғарылады.
Серіктестіктің әкімшілік-басқару персоналдары үшін жұмыс күні сағат 08:00-ден басталып, сағат 16:45-те аяқталады, түскі үзіліс сағат 12:00-ден 12:45-ке дейін.
Ағымдағы жылдың басынан бастап серіктестіктің Басқарма әкімшілігінің жекелеген қызметкерлері еңбек қажеттілігіне байланысты жұмыс уақытынан кейін де, сонымен қатар, демалыс және мереке күндерінде де жұмыс істеуге мәжбүр болды. (Оны кәсіпорын ғимаратындағы әрі-бері өтуді бақылау және басқару жүйесіндегі мәліметтермен нақтылауға болады). Бұл жағдай Басқармадағы білікті мамандардың жұмыстан кетуіне басты себеп болды.
Серіктестіктің ішкі нормативтік құжаттарына, сондай-ақ ҚР қолданысындағы заңнамаға (ҚР ЕК) сәйкес жұмыс беруші жұмыстан тыс уақыттардағы, демалыс және мереке күндері істеген жұмысы үшін қызметкерге үстеме ақы (ҚР ЕК 108 және 109-баптары) төлеуге міндетті болғанмен, аталған қызметкерлерге жұмыс күндеріндегі, демалыс және мереке күндеріндегі артық істеген жұмыс уақыттары үшін ешқандай қосымша ақы төленген жоқ.
Бірақ, Серіктестіктің басшылығы кәсіпорынның қаржылық жүктемесін арттырмау мақсатында, жұмыстан тыс уақыттарда істеген жұмыстары үшін Басқарманың аталған қызметкерлеріне біржолғы сыйақы беру туралы шешім қабылдады.
Бұдан басқа, өндірістік персоналдарға артық жұмыс уақыттары болған жағдайда, үстеме жұмыстары үшін төлем ҚР қолданысындағы заңнамаға сәйкес жүргізілгендігін айтқымыз келеді. Ағымдағы жылы апаттық жөндеу жұмыстарын сәтті орындағандары үшін өндірістік бөлімшелердің қызметкерлеріне сыйақы берілді. 2022 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша серіктестіктің өндірістік персоналының қызметкерлері ғана сыйақы алды.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, қызметкерлерді ынталандыру мақсатында «Еңбекақы төлеу жүйесі туралы ереже» АРБД-01-2022 ішкі нормативтік құжаты негізінде Серіктестік басшылығы артық жұмыс уақытына тартылған Басқарма қызметкерлеріне сыйақы беру туралы шешім қабылдады. Төлемдер Әкімшілік Басқармасындағы бос лауазымдар есебінен шығындарды үнемдеу арқылы жүзеге асырылды".